Петроглифтер: сақтар мен түркілердің "тас кітаптары" не жайлы баяндайды

Мыңдаған жыл бұрын Қазақстанның ежелгі тұрғындары бұл жерді - Түркістан облысының солтүстігі - өзінің мекені етіп таңдады. Осында өмір сүріп, аң аулады, терімшілікпен айналысты, өз қоныстары мен қалаларын салды. Мұнда, дөң баурайында, байырғы суретшілер өздерінің нанымдары мен салт-дәстүрлерін бейнелеп, бізге, ұрпақтарына таңғажайып жартас картиналарын қалдырды. Tengritravel.kz сіздермен олардың тарихымен бөліседі.

Бәйдібек ауданындағы Қаратау таулары Шымкенттен 70 шақырым жерде, яғни солтүстікке қарай бір сағаттық жерде орналасқан. Көне Тараз қаласынан кейін "Туған жер: Қазақстанның ұлы мұрасы" жобасының түсірілім тобы дәл осы жерде түсіруді жалғастырды. Тау бөктерінен бастап Боралдай өзенінің жағасына дейін петроглифтері бар тастар ұзыннан-ұзақ созылып жатыр. Әрқайсысын камераға түсіргің келеді, әрқайсысы туралы бөлек айтқым келеді. Мұнда барлығы 300-ден аса картина бар - олардың барлығы бір-біріне ұқсамайды, бірегей.

Ғалымдар жартасқа салынған суреттер циклін Жүзімді петроглифтері деп атайды, халықта олардың аты - боралдайлық. Айта кетейік, облыс бойынша петроглифтер  өте көп - тау шатқалдарында, үңгірлерде, Ақсу-Жабағылы қорығында және басқа да жерлерде. Ғалымдар жартастағы кескіндемедегі 3 мыңнан аса нысанды санап шыққан. Алайда, олардың ең көбі Бердібек ауданында орналасқан. Жергілікті петроглифтер екі топқа бөлінеді: біреуі Боралдай өзенінің жағасында, екіншісі - баурай бойымен жоғары.

Петроглифтер - ежелгі адамдардың өмірі мен мифтері туралы мәліметтердің сенімді дереккөзі. Бұл "тас кітаптар", - деп жазады Карл Байпақов. Шымкент маңындағы Боралдайдағы петроглифтердің учаскесі танымал емес. Бірақ оның маңыздылығы төмендемейді. Мұнда тау етегіндегі жартасты жазықта көптеген жабайы және үй жануарлары, аң аулау көріністері және адамдар бейнеленген. Үлкен иілген мүйіздері бар муфлондарды, арқар, бұғы, қасқыр немесе тау ешкісі, садақ ұстаған аңшыларды көре аласыздар.

Ежелгі адамдар не үшін сурет салды, ғылым нақты жауап бермейді. Тек нұсқалары бар. Біреуінде петроглифтер аң аулауда алғашқы адамдарға сәттілік әкелетін сиқырлы рәсім болды. Екінші нұсқа бойынша, петроглифтер шамандарға транс жағдайына кіруге және ата-бабалар рухымен сөйлесуге көмектесті. Петроглифтер болашақ ұрпақтарды қандай да бір жануарлардан немесе тайпалардан шығатын қауіп туралы алдын ала сақтауы тиіс, сондай-ақ олар зұлым күштерден қорғау болып табылады деп саналады. Тек біздің ата-бабаларымыздың бізге не қалдырғысы келетінін болжауға болады…

1905 жылы зерттеуші П. А. Комаров Боралдайдың таңғажайып петроглифтерін тапты, ал олар біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдықта салынған. Дегенмен, ғалымдар бұл жерде бір ғана емес, бірден 4 хронологиялық қыртыс деп санайды. Ең алғашқы петроглифтер қола дәуіріне жатады (біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасыр), кейін ерте темір дәуірінің өзіне тән аң стилі бар петроглифтері, негізінен тамғалар мен тамға тәрізді ешкілерді бейнелейтін қыртыстар, сондай-ақ қазақ және сопылық циклдары бейнеленген. Өкінішке орай, бүгінде бесінші - вандалдардың салған петроглифтер қыртысы туралы айтуға болады. Қол жетімділігіне байланысты ежелгі жартастағы суреттер жоғалып барады, ал олардың орнында жаңа жазбалар мен қазіргі адамдардың қолымен жазылған есімдер пайда болады. Боралдай петроглифтері Қазақстанның Ұлы мұрасы және біздің қорғауымызды қажет етеді.

Жергілікті тұрғындар ескерткішке баруды шектеуді сұрап отырғанына қарамастан, көптеген шымкенттік туркомпаниялары облыс бойынша экскурсияны петроглифтермен танысудан бастайды. Әдетте, қола дәуірінің ескерткішіне саяхатты қасиетті Теректі әулие бұлақ, Айдаһар үңгірі (ақ мешіт) және Домалақ ана кесенесінен бастайды. Турдың бағасы орташа есеппен бір адамға 3-3,5 мың теңгеге дейін. Құнына трансфер, бірге алып жүру, фототүсірілім және тағы басқа қызмет түрлері бар. Көптеген туристерге айтылатын өтініш - ежелгі нысандарды бүлдірмеу және мәдени мұраны қоқыс орнына айналдырмау.

Автор: Мадина Ашилова
Фото: Әлібек Бегалинов