Ұлыған қасқырлар шатқалынан Марс тауларына дейін. Қазақстанның таңғажайып жерлеріне 3D-саяхат

Біз әлемдегі ең табиғаты бай, таңғажайып елде өмір сүріп жатқанымыз үшін бақыттымыз. Қазақстанда әдемі жерлер өте көп, дегенмен, өкінішке орай, біз көп жерлерін білмейміз және соны зерделеп, зерттемейміз. Қандай себептер болмасын, TengriTravel.kz сізге үйден шықпай-ақ, туған жердің сұлулығын тамашалау үшін екі талантты фотографтың Евгений Волков пен Юрий Песцовтың виртуалды 3D-саяхатын ұсынады.

Ұлыған қасқырлар каньоны


© Юрий Песцов

Маңғыстаудағы Кремний алқабында Қапамсай шатқалы орналасқан. Бұлар - үлкен бор жартастар, ежелде мұнда терең өзен ағып жатқан екен. Өзеннің құрғақ түбінде ғасырлар бойы орнаған жасыл тоғай бар. Саяхатшылар кейде өзен түбіне дейін жетпейді, өйткені олар шетіндегі кремний тастарын жинаумен әуестеніп кетеді. Песцовтың айтуынша, айналадағы өлі тыныштықты тек қасқырлардың түнде ұлығаны ғана бұзады екен, сондықтан осындай атау берілген.

Шақпақ ата жерасты мешіті
© Евгений Волков

Жалпы, Маңғыстау облысы ең ерекше тарихи аймақтардың бірі. Мұнда бөтен ландшафттардан басқа таңғажайып тарихи ескерткіштер сақталған. Мысалы, Түпқараған түбегінде орналасқан "Шақпақ ата" жерасты мешіті. Таудың жартағына салынған бұл мешіт Батыс Қазақстандағы ең ежелгі сәулет ескерткіші болып саналады. Археологтардың айтуынша, мешіт IX-X ғасырларда салынған.

Жанкент қалашығы
© Евгений Волков

Қызылорда облысындағы Сырдарияның төменгі сол жағалауында оғыздардың ежелгі астанасы - Янгикент ретінде жазылған Жанкент қалашығы орналасқан. Қала X-XV ғасыр аралығында болған. Оны жарты шеңберлі мұнаралары бар қуатты қабырғалар қорғады, қаланың қамалы 120 метр көлемінде болды. XIII ғасырда Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы қаланы ұзақ уақыт бойы қоршап, тұрғындар қаланы жау қолына тапсыруға тура келді. Осылайша Жанкент қирап қалудан аман қалды.

Ақжар таулары
© Евгений Волков

Ақжар (немесе Ақжал) деп аталатын борлы кезеңнің көркем таулары шынымен марстық секілді. Олар сары-қызыл реңктері биік емес шоқылардан тұратын және оны қоршаған даламен түстес аймақ. Таулар гипс қоспасы мен саз балшықты топырақтан қалыптасқан. Сондай-ақ, массив аумағында өте кең үңгірлер бар, онда үлкен жыртқыш құстардың ұяларын табуға болады.

Аралқұм
© Евгений Волков

Арал теңізінің суы тартылғаннан кейін, онда жаңа шөл пайда болды және ол Қазақстан мен Өзбекстан аумағында бірнеше мың шаршы метрді алып жатыр. Аралқұм - Жердегі ең жас шөл. 2000 жылдары теңіз түбінде (қазір онда Аралқұм сортаң шөлі) ғалымдар ортағасырлық үйлердің іздерін, тұрмыстық ғимараттарды, қорғандар, суландыру жүйелерін және қорымдарды тапты. Мұндағы танымал қалалардың бірі - Арал-Аңсар (шартты атау). Ол кемінде осыдан 600 жыл бұрын болған қала. Сондай-ақ, шөлдің тағы бір көрнекілігі кемелер моласы болатын.

Кемелер моласы
© Евгений Волков

Арал теңізінде бұрын өмір қызу жүріп жатты: онда балық мол еді, жағалаудағы қалаларда өмір қайнап, адамдар жағалауды игеріп, кеме шеберханаларын салды. Бірақ бұл тек 1960 жылға дейін созылды, кейін бәрі өзгеріп сала берді. Құрғақшылық кезінде кемелердің көптігі соншалық олар қайырға тұрып қалды. Көбісін жергілікті тұрғындар металл ретінде алып кетті. Волковтың айтуынша, осы жерді суретке түсіргеннен кейін екі жыл өткен соң, олар соңғы кемені (Торпедолов 99) бөлшектеп, алып кеткен. Сондықтан бүгінде кемелер моласы деген атымен жоқ.

Тұзбайыр


© Юрий Песцов

Маңғыстау табиғатының таңғажайып сұлулығын толыққанды ашатын бірегей мекендердің бірі - Тұзбайыр шатқалы. Мұнда көз алдыңызға қалдық таулар, тау жоталары мен терең құлама шағын мүйісті құздар, тұздалған жағалаулардың керемет көрінісін тамашалауға болады.

Едіге тауы
© Евгений Волков

Едіге тауы Қарағанды облысы Ұлытау ауданының батысына қарай 35 шақырым жерде орналасқан. Оның шыңында Алтын Орданың атақты ханы Тоқтамыс жерленген жер бар. Сондай-ақ, онда құрметті қолбасшы Едіге де жерленген, кейіннен шың соның атымен аталды.

Теректі Әулие
© Евгений Волков

Теректі әулие - Орталық Қазақстандағы тасқа бейнелеу өнерінің көне ескерткіші. Жезқазған қаласынан 85 шақырым жерде, Теректі станциясынан солтүстік-шығыста 20 шақырым жерде орналасқан. Теректі әулие археологиялық кешені тасқа бейнеленген суреттерден, неолиттік тұрақтардан, қола дәуірінің қоныстары мен некропольдарынан тұрады. Суреттер тас немесе металл құрылғылармен қашалған. Жалпы саны бұл жерде 300-ге жуық тас бетіне қашалған суреттер бар. Оның 200-ге жуық жануарлардың бейнесі.

Қарынжарық

© Юрий Песцов

Қарынжарық ойпаты - республикадағы ең төмен орналасқан жерлердің бірі - теңіз деңгейінен 75 метр төмен. Ол Үстірт шоқысынан да терең. Ол ең ірі тұзды ойпат саналады. Қарынжарық Қаратау тауын көмкеріп жатқан ойпат-шұңқырларды біріктіре отырып, Қарабұғазға таяу барып тамамдалады. Ойпаттың ұзындығы 300 шақырымды құраса, ені 50 шақырымнан асады.

Басқамыр қалашығы
© Евгений Волков

Басқамыр ескерткіші Қарағанды облысының Жезқазған қаласынан 83 шақырым жерде, Ұлытау ауданындағы Жезді кентінен 25 шақырым теріскейде, Жезді өзенінің сол жағалауындағы, Талдысай өзенінің құйылысында, Есқұла шоқыларының қойнауында орналасқан. Мұнда ғалымдар қарауыл мұнаралары мен цитадельдері бар үш қабырғамен қоршалған қамал қирандыларын тапты. Жақын маңда орта ғасырға жататын ежелгі қорымдар және суару жүйесінің қалдықтары да табылған. Ондағы қабір тастардан қазақ руларының тамғаларын көруге болады.