Саяхат пен демалыстың айырмашылығы қандай?

Көпшіліктің саяхат пен демалысты бір ұғым деп ойлайтыны рас. Бірақ екеуі екі түрлі сөз, екі бөлек терминология екенін мойындау керек. Tengritravel.kz порталы осы екі сөздің ара жігін ажыратып, мысалдар келтіреді.

Демалыс - қала мен даладағы демалыс орындарына, жағажайда күнге қыздырынып миын тынықтырғысы келген адамның іс-әрекеті. Бір мезет дамылдап, күш жинап алып, жұмысты жалғастыруға жігер береді.

Ал саяхат - ой көкжиегін дамытқысы келген, жаңа аймақпен танысуға құштар болған, білім жетілдіруге ұмтылған жанның сапары. Демалыстағыдай жағажайда, тыныш жерде емес, шулы қалаға, тарихи орындарға, шалғай аймақтарға барады. Оған біраз күш, алдын ала дайындық қажет.

Мәселен, Қазақстан азаматтары бұрындары тек қыста Азияның жылы аймақтарына баруды ойлайтын. Еңбек демалысын да сол уақытқа жоспарлайтын. Алайда "ковид" індеті саябырсып қалған кезден бастап ішкі туризмнің дамуы арқасында адамдар демалыстан бөлек саяхат деген бағыттың айырықша екенін аңғара түсті.

© pixabay.com

Осыдан төрт жыл бұрын қыс басталысымен Дубай, Мысыр, Мальдив сияқты елдерге турист ретінде ағылатындар еңбек демалысының уақытын өзгертті. Себебі, бұрын тек демалысты ойлайтын кісілер екіге бөлінді. Екінші бөлік саяхат бағытына қарай кетті.

Саяхатқа қызыққан жандар еңбек демалысын көктем мен күзге қоюды жөн көреді. Өйткені, бұл саяхат үшін өте қолайлы мезгілдер. Қалтадағы қаражатқа қарай баратын мемлекеттер де әртүрлі боп келеді. Мысалы, Түркия, Грузия, Өзбекстан, Әзірбайжан сияқты Орталық Азияға жақын елдер арзан болса, қымбат елдерге Еуропа мен Шығыс Азия мемлекеттері жатады. Арзан мемлекеттерге барудың ұшақ билеті, қонақ үй төмен бағада болады. Тіпті, кейбірінің құны Қазақстан ішінде ұшудан да арзанға шығады. Осындай елдер тиімді тариф ұсына бастаған кезден бастап саяхатшылар мен туристер көбейе бастады. Ал қымбат елдердің туристер мен саяхатшыларды қабылдауынан тәжірибесінің молдығы бұрыннан белгілі.

Шет мемлекеттерде бұл тенденция бұрыннан бар. Яғни, саяхатты таңдай ма, әлде демалысқа кеткісі келе ме өз еріктерінде. Енді осы үрдіс Қазақстанда да қалыптасып келеді. Демалыс емес, саяхатты таңдайтын кісілердің саны артып авторлық турлар ұйымдастырып, жеке өздері шығатын азаматтар да көбейе түсті. Бұрын демалыс деген түсінікті алға қоятын жұрттың қазір әлемнің соншалықты кең екеніне, өзгелердің де тарихы мен ұлт ретінде қалыптасуы қызық екеніне көзі жеткізді. Мұның бәрі саяхаттың арқасы.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!