Қазақстандық танымал мобилограф Қыран Талапбек бірінші санаттағы (first class) орын қандай болатынын көрсетті. Ол Instagram желісінде видео жариялап, Желі қолданушыларын таңғалдырды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz.
Видео түсірудің хас шебері Кореяның Инчхон қаласынан Таиландтың Бангкок қаласына ұшқан. Шамамен екі қаланың арасындағы қашықтық - 4337 шақырым.
"Әлемдегі ең үлкен ұшақтардың біріндегі ең қымбат орыннан қазақша шолу. First class бизнесс-санатынан да жоғары тұрады. Екі қабатты ұшаққа кіре сала сізді орындық емес, бір бөлмелі пәтердің есіктері күтеді. Орындықтары патшаның тағы немесе Rolls-Roys-тікі секілді. Сізді ешкімнің мазалағанын қаламасаңыз, есігін жауып демала берсеңіз болады. Жеке мини-бары, пульт, шексіз сөрелер мен жеке гардероб қарастырылған. Ұзындығы бір метрлік үстелде кішігірім құдай тамақ беруге болады", - деп әзілдейді шолушы.
Блогердің айтуынша, бұл орынды оған сыйлыққа берген.
"Ұшақта жарық сөнгенде төбесі майда жұлдыздарға толы жарық шамдары жанады. Шексіз сусындар, сағат сайын түрлі мәзірмен ас беріледі. Салаттар, балықтар - аш қалмайтыныңыз анық. Бой жазып, демалғыңыз келсе орындығыңыз әп-сәтте жатын орынға айналады. Керек десеңіз көрпе жастығыңызы, жатын киім де беріледі. Бизнесс-санаттың қуыс үңгірімен салыстыруға еш келмейді. Жалпы осы орынның кеңдігі таңғалдырады", - дейді Қыран.
Сонымен қатар, мобилограф бірінші санаттағы әжетханасы қандай болатынын да көрсетті.
"Ал әжетханасы мүлде бөлек әлем. Кішігірім жатын бөлме. Бар жағдай жасалған. Тіпті біреу маған осында отырып келесің десе де, қуана келісер ем. Мына әжетханада ұшып баруға қарсы емеспін", - деп әзілдейді Қыран. Байыса - қазақ байысын деген сөз есіме түсіп кетті. Аман болайық, бай болайық. Осындай бірінші санатпен әлем аралайық. Барлығыңызға жұғысты болсын", - деп тіледі ол.